Елордада Кәсіподақтар күніне орай Президенттің «Алғыс хаты» табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Кәсіподақтары күні кәсіби мерекесіне орай бірқатар сала қайраткеріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хаты» берілді. Мемлекет басшысының атынан марапатты ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен әділеттілікті, жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі Тәуелсіздігі ешкім тіл тигізе алмайтын қасиетті ұғым. Сол Тәуелсіздікке жанашыр, әлеуметтік тұрақтылыққа жанашыр, әділеттілікке жанашыр, еңбек адамына жанашыр - Сіздер, яғни қадірлі кәсіподақ қозғалысының қайраткерлері. Әрине, көптен күткен мақсат пен арманды бір күнде жүзеге асыру қиын болар. Бір күнде байып, барша мұратқа да жету мүмкін бола қоймас. Өтпелі кезеңдегі ғалам мен қоғамда қиындық пен қиянаттың да бар болатыны рас», - деді Қырымбек Көшербаев елордадағы Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шарада.

Мемлекеттік хатшы түрлі салалардағы нағыз бәсекелестікке сай қадамдар жасау керектігін, сондай-ақ әркім, әр еңбек ұжымы өз пікірі мен өз әрекетінің тізгінін өзі қолға алып, нақты іске кірісе алмай жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, алға қойылған бастамалардың орындалуына Тәуелсіздік, биліктегі үндестік, сондай-ақ Президенттің әділеттілік пен прогресс үшін атқарып жатқан қыруар қызметі кепіл екені айтылды.

Қ. Көшербаев қазіргі уақыт жеке шауып, бәйге алатын заман еместігін тілге тиек етіп, ұлт болып ұйысып, ұпайымызды түгендейтін кезең болып отырғандығына ерекше назар аударды. Осы орайда кәсіподақ қайраткерлері істеген істерімен, әділеттіліктерімен жағымды екенін жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздерді марапаттай отыра, үлкен үміт артады, елдің бірлігін аманат етеді, істеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілейді», - деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен, Президенттің «Алғыс хаты» «Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» Жаңаарқа ауданы өкілдігінің төрағасы Нұрлан Ақышевқа табысталды. Бұдан бөлек, осындай марапат «Астана-Теплотранзит» АҚ өндірістік-жөндеу қызметінің оқшаулау учаскесінің монтажшысы Жахмаш Омарбекке және Қызылорда облысындағы Әйтеке би кентіндегі Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектептің қазақ тілі мұғалімі Роза Жұмағазиеваға берілді.

Соңғы жаңалықтар