Елордада кәріз қақпақтарын ұрлаған такси жүргізушісі ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада кәріз қақпақтарын ұрлаған такси жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, таяуда ғана жеке кәсіпорын С-316 көшесінде кәріз қақпақтарын орнатуға бағытталған жол жұмыстарын жүргізген. Ал жолаушылар тасымалдаумен айналысатын күдікті түнгі уақытта аталған көшемен өтіп бара жатып, 7 жаңа қақпақты ұрлап кеткен. Күдікті жүргізіп жүрген көлігін жалға алғандығы да белгілі болып отыр.

«Ер адам ұрланған кәріз қақпақтарын бөлшектеп, металл қабылдау пунктіне 9 мың теңгеге сатып жіберген. Қақпақтарды сатып алушыны қылмыстық жауапкершілікке тарту және оны ұрланған металлды сатып алушы ретінде есепке алу мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар оның қызметінің де заңдылығы тексерілуде. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабымен тергеу амалдары жүргізілуде», - деп атап өтеді департменттен.

Ведомство мәліметінше, сәуірдің 27-29 аралығында елорда аумағында «Құқықтық тәртіп» алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған.

Нұр-Сұлтан қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидовтың атап өтуінше, іс-шара өткізілген екі күннің ішінде қала аумағында 67 металл қабылдау пункті тексерілді.


Соңғы жаңалықтар