Елордада кәріз бетіндегі қақпақты ұрлап келген күдіктілер ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қылмыстық істі тексеру полициясы елорда аумағында шойын люктерді ұрлаумен айналысып жүрген адамдарды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар 23 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы мен оның 20 жастағы танысы болып шықты. Ол – Қостанай облысының тұрғыны. Күдіктілер 1 қыркүйектен бері 15 люкті ұрлағаны анықталды. Жігіттер түнде «BMW» автокөлігімен индустриялық саябақ маңына келіп, қақпақтарды алып кетіп отырған.

Қылмыскерлер мініп жүрген көлік бейнетаспаға жазылып қалған. Автокөліктің иесі анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Жігіттер ұрланған кәріз қақпақтарын Лесозавод ауданындағы темір қабылдайтын пунктке өткізгені белгілі болды. Полицейлер ұрланған 15 люкті тәркіледі.

Сатып алушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту және оны «ұрланған затты сатып алушы» ретінде есепке алу мәселесі қарастырылып, оның әрекетінің заңдылығы тексеріліп жатыр.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша тергеу басталды. Күдіктілердің осы секілді басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқ екені тексеріліп жатыр.



Соңғы жаңалықтар