Елордада қарды күремеген ірі сауда орталықтары, ПИК-тер айыппұл төлеуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада іргелес орналасқан және өзіне бекітілген аумақты қар мен мұздан уақытылы тазартпаған 120 Пәтер иелері кооперативіне (ПИК) 5 725 000 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, жергілікті полиция қызметкерлері күн сайын қаланы қар мен мұздан тазарту жұмысын қадағалап отырады.

ПИК-терден бөлек, сондай-ақ қыс басталғалы қарды уақытылы шығармаған 481 шағын және орта бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл соммасы 4 424 000 теңгені құрады.

Аулаларды тазартумен айналысатын мердігер ұйымдарға бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері 95 мердігерге абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 7 047 000 теңге айыппұл салынды.

Жекеменшік жүк көліктерінің 92 жүргізушісі 2 143 000 теңге айыппұл төледі. Атап айтсақ, экологиялық полиция қызметкерлері «Азия парк» СОСО, «Хан Шатыр» СОСО, «MEGA Silk Way» СОСО аумақтарын уақытылы тазартуды қамтамасыз етпеген «Мега Плаза» ЖШС, «Rem.kz» ЖШС, «Тазарту» ЖШС-ны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл ұйымдардың әрқайсысына жүз мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Қар тазарту машиналарының жұмысын қиындатуға әкеп соғатын жол бойында қалдырылған көліктер бойынша жұмыстар жүргізілуде. «102» пультіне коммуналдық және қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысына кедергі келтіретін автомобильдерге қатысты 1 925 қоңырау түсті. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті шағын және орта бизнес субъектілерін, жекеменшік секторлардың тұрғындарын су тасқынының алдын алу үшін өз аудандарындағы қарды уақытылы шығаруды сұрайды.


Соңғы жаңалықтар