Елордада карантин: Волонтерлер көшеде бауырсақ таратып, халық көңілін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елордада Наурыз мейрамын тойлау «Қайырымды істер» ұранымен өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық филиалы мерекеге орай «Бауырсақ party» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қала тұрғындарына өздері дайындаған бауырсақтарды тарту етті.

Дәстүрлі акцияға қатысушыларды көктемнің басты мерекесімен ҚР Мәжілісінің депутаты Владимир Тохтасунов құттықтады. Ол барлығына денсаулық, бақыт және амандық тіледі.

«Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі Әскер Пириев түсіндіріп өткендей, пандемияға байланысты бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізу мүмкін емес, сондықтан қаланың төрт ауданындағы барлық жүргіншілерге бауырсақ таратылып, ізгі тілектер жолданды.

«Бүгін Наурызды тойлау аясында «Бауырсақ party» өткіземіз. Қаланың барлық 4 ауданында көшедегі барлық адамға бауырсақ таратып, мерекемен құттықтаймыз. Сол арқылы біздің мерекеміз бен ұлттық тағамымызды насихаттаймыз. Бауырсақ – Қазақстан халқының бірлігі факторы. Бүгінде ол бізді барлық уақытта біріктіргендей біріктіреді», – деді ол.


Акция елордалық Достық үйінде басталды. Ыстық бауырсақтары бар көліктер адамдар көп жиналатын орындарға бет алды.

Ұйымдастырушылар іс-шара ұлттық мерекенің жалпы рухын қолдау мақсатында, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін өткізілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, бұл күні ҚХА мүшелері көмекке мұқтаж 30 отбасына азық-түлік себетін жеткізеді.


«Мерекеге орай бір апта бойы көпбалалы отбасыларға, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға азық-түлік себеттерін жеткізетін боламыз. Жақында Ақкөлдегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар, кітаптар сыйладық, оларды ұлттық дәстүрлермен таныстырдық», — деді Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктісі Наргизам Махмудова.

Игі істер бұдан әрі де жалғасын табады. Наурыз мейрамына орай екі мыңға жуық азық-түлік себетін тарату жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар