Елордада карантин талаптарын бұзғандарға 138 млн теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада шектеу және карантин талаптарын бұзғандарға 138 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 қазандағы мәліметке сәйкес, мобильді топтар 1 973 нысанға мниторинг жүргізіп, нәтижесінде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басқармаларына 1 360 баянат түсті. 634 жеке, лауазымды және заңды тұлға 138 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның кінәсі танылған жағдайда оған айыппұлды қысқарған тәртіппен төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Салынған 634 айыппұлдың 535-і бойынша 114 млн 891 мың теңге төленді. Кәсіпкерлік субъектісінің шағымымен 4 материал қарау үшін әкімшілік сотқа жіберілді», - деді Зекен Ысқақов.

Оның атап өтуінше, жеке, лауазымды және заңды тұлғалардың шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жаза қолданылады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілерінің лауазымды тұлғаларына 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

«Нұр-Сұлтанда 8 мобильді топ жұмыс істейді. Олар күнделікті 30-70 нысанға мониторинг жүргізеді. Шектеу және карантин шараларын бұзу анықталған жағдайда полиция қызметкерлері баянат жазып, бұзушылықты фото және видео тіркеу жүргізеді. Содан кейін материал қарау және әкімшілік шара қаылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық басқармаларына жіберіледі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар