Елордада карантин талабын бұзған 12 мекеменің қызметі тоқтатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантин тәртібін бірнеше рет бұзған 12 мекеменің қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, жекелеген кәсіпкерлер қолданыстағы қаулыға қарамастан карантин талаптарын әлі де сақтамай келеді. Ойын-сауық мекемелерінде коронавирус індетін жұқтыру ықтималдығы артып отыр.

Заң бұзушылықтар қатарында бұқаралық іс-шаралар өткізу, жұмыс режимін және келушілердің белгіленген санын сақтамау, қызметіне салынған тыйымды елемеу, сондай-ақ қоғамдық мекемелер қызметкерлерінің маска режимін бұзуы жиі кездеседі.

«Осылайша, бүгінгі күні сот 12 қоғамдық мекеменің қызметін тоқтатты және әкімшілік айыппұлдар салды. Олары: «Жаным сол» караоке-бары, «Алания» түнгі клубы (Манас көшесі, 9/1), «Tequila» караоке-бары, «Алтын» мейрамханасы, «Echo» лаундж-бары, «Сторис» лаундж-бары, «Raspawn» компьютерлік клубы, «Kango» батут паркі, «Abba» лаундж-бары, «Ginza» караоке-мейрамханасы, «Табыс» дүкені», - делінген ақпаратта.

Әкімдік хабарламасына сүйенсек, кәсіпкерлер өз қызметінде түрлі айлаларға бара бастаған. Мәселен, «ZOLOTO» мейрамханасының қызметін жүзеге асыратын «Золото-Астана «ЖШС шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. «Золото-Астана» ЖШС әкімшілігі бұдан әрі жоғары сомада айыппұлдар салынбас үшін жеке тұлға Д.М. Темірболатовамен (кейін мейрамхана қызметкері екені анықталды) жалдау шартын жасасқан. Тиісті талаптарды орындамағаны үшін іс материалдары сотқа жіберілген. Сот «ZOLOTO» мейрамханасының қызметін тоқтату туралы шешім шығарып, 100 АЕК-тен астам (1 АЕК – 2 917 теңге) әкімшілік айыппұл салды.

«Сондай-ақ мобильді топ 27 қаңтарда сағат 23.05-те заңсыз жұмыс істеген «Панаехали« атмосфералық барын анықтады. Бұл мекеме әкімшілігі де қулыққа барған. Яғни мекеменің кіреберісі сырттан қарағанда жабық тұрғандай болған. Алайда анықтай келе барға кіру үшін жұрт мекеменің асханасы, содан кейін зал арқылы кіргені белгілі болды», - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Бұдан бөлек, рейд барысында мониторингілік топ сағат 00.44-те «Банзай» кафесінде келушілер көңіл көтеріп жүргенін анықтаған.

Полицейлердің айтуынша, карантин режимін тек ойын-сауық мекемелерінің иелері ғана бұзбайды. Түнгі рейдтер барысында мобильді топ тыйым салынған уақытта жұмыс істейтін лото-клубтарды, компьютерлік клубтар мен дүкендерді әшкереледі.

Еске салсақ, елорданың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен кешкі сағат 20.00-ден кейін барлар мен мейрамханаларда көңіл көтеруге қатаң тыйым салынған. Тәртіп бұзушыларға айыппұл қарастырылған. Бизнесмендерге 600 мың теңгеден астам, ал қонақтарға 87 мың теңге айыппұл белгіленген.


Соңғы жаңалықтар