Елордада карантин талабын бұзған 10 мекеме анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас санитарлық дәрігердің қаулысына қарамастан, қоғамдық тамақтану орындары мен ойын-сауық мекемелерінің әкімшіліктері мен иелері тарапынан санитарлық талаптарды бұзу фактілері жиі анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша, мобильдік топтар рейд тексерістерінің барысында түнгі сағат 22.32-де Иманов көшесінде келушілерді қабылдап отырған «Шашлыкофф» лаундж барын анықтады. Оның ішінде 40-қа жуық клиент болған. Бұған дейін бұл мекеме карантин режимін бұзғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған.

Сондай-ақ «Есіл» ауданы бойынша кешкі уақытта той өткізіліп жатқаны анықталған. «Хан Талапай» мейрамханасының әкімшілігі санитарлық талаптарды орындамай, отбасылық мерекеге 120 қонақ кіргізген.

Бұдан басқа, сағат 23.50-де «102» нөміріне телефон соққан елорда тұрғыны Тұран даңғылындағы «Славик» дәмханасының жұмыс істеп, тұрғындарға тыныштық бермей отырғанын хабарлады. Аталған факт «YEDILOV ONLINE» телеграм-арнасында жарияланған.

Оқиға орнына мобильдік топ жіберілді. Тексеру кезінде көңіл көтеру орнының жасырын жұмыс істеп отырғаны, кіреберіс есігі жабық екені анықталды.

Елорда тұрғыны түсірген видео негізге алынып, кінәлі азаматтарды жауапқа тарту үшін жиналған материалға қоса тіркеледі.

Өткен тәулік ішінде мобильдік топтар кәсіпкерліктің 70 нысанын тексеріп, карантин режимін бұзудың 10 фактісін анықтады.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті карантин талаптарын бұзу үшін артылатын жауапкершілік туралы ескертіп, қала тұрғындарын санитарлық нормаларды орындауын сұрайды.


Соңғы жаңалықтар