Елордада карантин шаралары күшейтілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева елордада коронавирусқа қатысты талаптар орындалмаған жағдайда карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қабылданған карантин мен шектеу шараларына қарамастан, коронавирус инфекциясы әлі де тіркелуде. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін барлық азаматтарды, қаламыздың қонақтарын адам көп жиналатын жерге бармауға шақырамыз. Қалада бекітілген карантин режимін сақтауға, коронавирус пандемиясы кезінде өзінің және өзгенің өміріне қауіп-қатер төндірмеуіне шақырамын. Сонымен қатар, барлық ұйым басшыларынан карантин режимін қатаң сақтап, санитарлық нормаларды орындауды талап етемін», - Жанна Пірәлиева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол ұйым басшыларына қарата айтқан сөзінде шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін екенін жеткізді.

«Науқастар саны артқанда жағдайда, қаланың бас санитар дәрігері ретінде эпидемиологиялық жағдайды бағалай отырып, коронавирус инфекциясының ары қарай таралуына жол бермеу мақсатында шектеу әрі карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдауға мәжбүр боламын», - деді Жанна Пірәлиева.

Оның пайымынша, адамдардың жауапкершілікке салғырт қарауы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға кедергі келтіріп отыр.


Соңғы жаңалықтар