Елордада қарақшылар ЖШС жұмысшыларына шабуыл жасап, 3 млн теңгені алып кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарақшылар Нұр-Сұлтандағы ЖШС-ның бірінің жұмысшыларына шабуыл жасап, 3 миллион теңге көлеміндегі қаражатты ұрлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Есіл» ауданы полиция басқармасына ЖШС менеджері Мәңгілік ел көшесінде өзіне белгісіз біреулер шабуыл жасап, 3 млн теңге көлеміндегі қаражатын ұрлап кеткенін хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша, сағат 20:00 шамасында ол ЖШС бухгалтерімен бірге банкоматтан 10 млн 900 мың теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Терминалдар орналасқан ғимараттан шығып, олар автокөлікке қарай бет алған. Осы уақытта 4 жігіт менеджерге шабуыл жасап, ақша салынған пакетін тартып алмаққа әрекеттеніп оны ұра бастаған. Төбелес кезінде шабуылдаушылар газ баллонын қолданып, 3 млн теңгені тартып алған да рульде сыбайласы отырған көлікке мініп, іздерін суытқан», - деді ведомствоның баспасөз қызметінде.


Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция 18-ден 23 жасқа дейінгі қарақшылық шабуылға күдікті жеті жігітті ұстады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК192-бабы, 4-тармағына (Қарақшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың барлығы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Күдіктілер тоналған қаражаттың бір бөлігін жұмсап үлгерген, қалған бөлігін - 700 мың теңгені полиция тәркіледі. Қылмыстық істі тергеу кезінде ЖШС қызметкерлерінің қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі.


Соңғы жаңалықтар