Елордада «Jas Samuryq» жастар слеті өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы жұмысшыларына арналған «Jas Samuryq» жастар слеті өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 90 мың жас маман бар. Оның 84 мыңы өндірісте жұмыс істейді. Қазір компанияның әрбір тобында жас мамандардың өте көп екендігін көріп таң қалып тұрмын әрі қуантарлық та жағдай. Себебі сіздер «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының болашағысыздар», - деді шараның ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цирфландру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев.

Сонымен қатар ол жастарға жұмыс істей жүріп, білім алуға кеңес берді.

«Бүгінгі күні «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жас мамандардың біліктілігін арттыруға барынша күш салып отыр. Бізде «Jas Samuryq», «Цифрлық жаз» сынды бағдарламалар бар. Мұның барлығы да жастарымыздың кәсіби дағдыларын шыңдауға бағытталған. Дарынды жас мамандардың кәсіби-мансап жолында өзін-өзі дамытуы үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз», - деді ол.

Шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев те сөз сөйлеп, жастарға ізгі тілегін жеткізді.

«Кейбіреулеріңізбен өткен жылы спорттық шараларда кездескен де шығармыз. Келесі жылы да жүздесеміз деген үмітім бар. Өйткені, келер жыл «Волентерлер жылы» деп жарияланғандықтан жастарға арналған көптеген шаралар ұйымдастырылатын болады. Біз, спортшылар «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының спортты дамытуға, жастарды, әсіресе мүмкіншілігі шектеулі адамдарды қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», - деді Серік Сәпиев.

Жастар жылы аясында өтіп жатқан шараға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының Қазақстанның барлық өңірінде еңбек етіп жүрген 300-ден астам жас маманы келген. Олар тұлғалық даму мен корпоративтік волентерлік мәселелерін талқыға салуда.

Соңғы жаңалықтар