Елордада ипотекамен «көмектеспек» болған алаяқ ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алаяқтық жасау күдігімен 38 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордалық 38 жастағы әйел банкпен байланысы бар екендігін айтып, төмен пайызбен ипотека рәсімдеуге көмек көрсетуге уәде берген. Әйел өз қызметін таныстары арқылы ұсынған. Өткен жыл бойы алаяқ 4 аңқау азаматты алдаған. Зардап шегушілер салған бастапқы жарна сомасы 600 мың теңдеген басталып, одан да көп соманы құрайды. Ол өзінің сыйақысын бірден алғанымен уәдесін орындауға тырыспаған да. Күдікті алаяқтық жасағандығын мойындады. Оның үстінен ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған бапта 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, дәл сондай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.


Соңғы жаңалықтар