Елордада инватакси көлігінің саны артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада инватакси көлігінің саны артып, мүмкіндігі шектеулі балаларға кресло-арба сыйға тартылды. Демеушілік қаражат есебінен 10 арнайы машина сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаеваға сілтеме жасап.

«Қайрат Боранбаев - еліміздің жетекші меценаттардың бірі. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасауға көмектесіп, инватакси машинасын сатып алуға ниет білдірді. Бұл машиналар соңғы әлемдік стандарттарға сай жабдықталған және бейімделген»,-дейді «Алмалы» АА вице-президенті Бақыт Сапаров.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысушыларды Алғыс күнімен құттықтап, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау үшін қандай шаралар қабылданатынын атап өтті.


«Бүгінгі мерекеде біз қосымша арнайы машиналарға ие болып отырмыз, баршаңызды Алғыс күнімен құттықтаймын. Мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Қала тұрғындарымен кездесу барысында олар арнайы машиналардың жұмысы туралы бірқатар мәселе айтты. Қайрат Советайұлына, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне және басқа да меценаттарға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Соңғы уақытта инватаксидің саны екі есе өсті. 22-ден 46 арнайы машинаға дейін арттырдық. Алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, қажетті шаралар қабылдайтын боламыз», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.


Елордада ерекше қажеттілігі бар 27 мың адам тұрады, оның 5,5 мыңы - балалар. Қалада екі оңалту орталығы салынады, қазір иппотерапиямен айналысуға арналған ат спорты кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалалық аурухана базасында Тұңғыш Президент Қорымен бірлесе оңалту орталығы ашылады. Бұдан басқа, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, емханалар сияқты әлеуметтік нысандар ашылады.


Елордада мүмкіндігі шектеулі адамдарға спортпен айналысу үшін білікті қызметкерлері бар заманауи екі спорт кешені ұсынылған: паралимпиадалық жаттығу орталығы және «Тарлан» мұз айдыны.



Соңғы жаңалықтар