Елордада интернет алаяқтықпен күресетін киберпул құрылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада полиция департаменті жанынан интернет алаяқтықтың алдын алып, фактілерді анықтайтын мамандар пулы іске қосылды. Ол туралы аталған ведомствоның баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың соңында қалалық полиция департаменті жанынан киберпул құрылды. Мақсат – киберқылмыс және интернет алаяқтықпен күрес. Ондағы мамандар аталған бағыттағы әрекеттердің алдын алу және анықтаумен айналысады. Әр аудандық полиция басқармасында 10 қызметкер бар, ал жалпы қала бойынша 40 маман жұмыс істейді. Барлық маман арнайы даярлықтан өткен, жұмыс істеу алгоритмін біледі», – деді Астана қалалық полиция департаменті криминалды полиция басқарма басшысының орынбасары Қайрат Мәдиев.

Спикердің дерегінше, өткен жылы елорда аумағында болған интернет алаяқтық қылмыстардың 33% ашылды.

«Интернет алаяқтық жазасына келсек, кінәлі қылмыстың деңгейіне қарай 1 жылдан 5 жылға дейін арқалайды. Сонымен қатар аталған бағытта Интерполмен де бірлесіп жұмыс істейміз», -дейді ведомство өкілі.

Бұған дейін Астанада бір айдың ішінде 443 интернет алаяқтық фактісі тіркелгені айтылды.


Соңғы жаңалықтар