Елордада халықаралық «Шығыс қақпасы» орталығы салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бас қаласында халықтардың құрылу тарихы мен мәдениетіне арналған халықаралық орталық ашылады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы негізінде «Шығыс қақпасы» жобасын салу жоспары бар. Бұл халықтардың құрылу тарихы мен мәдениетін жинақтаған бірегей халықаралық орталық болып табылады. Қазіргі уақытта орталықтың эскиз идеясы келісіліп, жоба әзірлену үстінде», - деді Е. Бекмырзаев қалалық мәслихаттың отырысында жасаған баяндамасында.

Одан бөлек, басқарма басшысы елордада жаңадан ірі ойын-сауық орталығы, аквасаябақ, заманауи өнер орталығы, ғарыш мұражайы, тропикалық бақ және қысқы спорт орталығы салынатынын тілге тиек етті.

«Сонымен қатар қалалық туризмді дамыту бағытында шешімін күткен бірқатар проблемалар да бар. Атап айтар болсақ, статистикалық есептің жетіспеушілігі. Яғни қалаға келетін кейбір туристер хостел не болмаса пәтер жалдап тұрады, ал ол есепке алынбайды. Сондай-ақ, қаладағы жеке туристік ұйымдар мен агенттіктерді квазимемлекеттік шараларға белсене қатысуға шақыру қажет. Және бізде көршілес қалалармен туризм саласындағы өзара ынтымақтастық жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қарағанды және Ақмола облыстарымен туризм саласында біріккен жобаларды қолға алу мүмкіндігін қарастырудамыз», - деді ол.

Сонымен қатар, Е. Бекмырзаев жақын күндері қала туристері үшін оң жағалаудағы нысандарға арналған 2 туристік автобустың жолға шығатынын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар