Елордада газ тарату желілерінің құрылысы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тұңғыш Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында газ тарату желілерінің құрылысын бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газдандыру жұмысы екі бағытта жүзеге асады. Бірінші бағыт бойынша қалалық өндіріс және тұрғын алаптарын газдандыру желісі салынады, екіншісі - ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жылу орталықтарына газ беру», - дейді Ермек Қизатов.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары 3 кезеңге бөлінген.

«Бірінші кезеңде, яғни 2019-2020 жылдар аралығында «Көктал-1», «Көктал-2», Железнодорожный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптары мен Промышленный кентіне газ тартылады. Бұл жұмыстар келесі жылы аяқталатынына сенімдіміз», - дейді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, құрылыстың екінші кезеңі - 2020-2023 жылдар аралығында жүргізіледі. Соның аясында Интернациональный, Күйгенжар, Тельман тұрғын аудандары мен Пригородный, Garden Village, Famili Village қалашықтарына газ тартылады.

«Үшінші кезең 2020-2023 жылы жүзеге асырылып, Ильинка, Шұбар, Өндіріс аудандарына газ құбыры тартылады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар