Елордада эстрада жұлдызы Бағдат Сәмединованың «Мен даланың қызымын» атты концерті өтеді

None
None
СТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ертең, мамырдың 13-інде елордадағы Конгресс-Холл сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, эстрада жұлдызы Бағдат Сәмединованың «Мен даланың қызымын» атты концерті өтеді.

Осыған орай бүгін әнші БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Елорда төрінде шығармашылық есеп бермек болып отырған әнші бұған дейін де қала жұртшылығына Астана қалалық филармониясы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жеке концерт бергендігін, басқа да мәдени шараларға атсалысып келе жатқандығын атап өтті.

«Концерттік бағдарламамды дайындағаныма бірнеше жыл болды. Жылына екі концерт беруден аулақпын. Себебі бұл есеп беру концерті болғандықтан, осы шарада бірнеше жылдық еңбегің көрінуі қажет. Осы жолғы концерттік бағдарламамда өзімнің бетке ұстар әніме айналған «Сарыарқа» қайта өңделіп, жаңадан жазылды. Сондай-ақ «Өз елім» әнін де айтуға болады. Жалпы орындалатын әндердің барлығы да жаңа әндер. Кеш барысына жаңа композиторлардың, сонымен қатар менің репертуарымда басты орын алатын халық әндері орындалады», дейді Б.Сәмединова.

Оның атап өтуінше, орындалатын халық әндері қазақилық қаймағы бұзылмаған Қытай, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымызда сақталған қазақтың халық әндерінен іріктеп алынған.

«Менің репертуарымда патриоттық әндер де жеткілікті. Концерттің атының өзі «Мен даланың қызымын» деп патриоттық сезімге, патриоттық рухқа тәрбилеп тұрған сияқты. Мен қазақтың даласында туғаныма мақтанамын. Мақтанышпен, барыммен, болмысымын, қазақтың даласын, даналығын, елімнің дархандығын жырлаудан таймаймын», деген әнші концерт барысында шәкірттерінің, сонымен қатар өтініш білдірген әнші достарының қатысатындығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар