Елордада есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыптылар ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының есірткі қылмысына қарсы бөлімшесінің қызметкерлері есірткі сатумен айналысқан отбасыны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есірткі сататын адамдарды анықтау бойынша арнайы операцияны полиция осы жылдың 6 қарашасында өткізген. Арнайы операция барысында героин сату кезінде 37 жастағы ер адам мен онымен бірге тұратын 49 жастағы әйел ұсталған.

Полиция қызметкерлері ұсталғандар тұрғылықты жерінде есірткі сататын сауда нүктесін ұйымдастырғанын анықтаған. Ерлі-зайыптылардың пәтерін тексеру кезінде олардан - есірткі қабаттары бар электронды таразы, 1 миллион теңгеден астам сомадағы қолма-қол ақша, сондай-ақ «героин» салынған 2 полиэтилен пакет және дайындалған есірткі салынған оралған 25 қағаз пакет табылған.

Заңсыз бизнестегі «серіктестердің» рөлі нақты бөлінген көрінеді. Ал есірткі саудасынан түскен ақша жалпы отбасылық бюджетке түсіп отырған.

«Әйел жеткізушілермен байланысты ұстап, есірткіні буып-түйіп, қаражаттың бөлінуіне жауапты болған. Ал оның күйеуі тікелей есірткі сатумен айналысып келген», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық полиция бөлімі полиция бастығының орынбасары полиция полковнигі Ерлан Әкбаров.

Әйелдің бұған дейін де есірткі сатқаны үшін екі рет сотталғаны белгілі болып отыр. Жедел шаралардың нәтижесінде есірткіні тұтыну үшін заңсыз айналымнан шамамен 400 грамм героин алынған. Оның бағасы «қара нарықта» ақшалай түрде бөліп сатан жағдайда 6 миллион теңгеден асады.

Ұсталған адамдар қазір Қылмыстық кодекстің 297-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Кінәсі дәлелденген жағдайда олар 7 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар