Елордада есірткі сатқан күдіктілер ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 31 жастағы Алматы тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда аумағында ұсталған күдіктіден, тергеу шаралары барысында әуелі «МДМА», «экстази», марихуана есірткілік заттарының 38 таблеткасы мен 8 дайындалған өнім және өз атына жасалған жалған төлқұжат тәркіленген.

«Тергеу шараларын одан ары жүргізу кезінде астаналық сақшылар оның Алматы қаласындағы үйінен 300 грамнан астам синтетикалық есірткі тапты. Оны да сатпақ болған. Тергеу кезінде ол есірткі саудасымен өткен жылдың желтоқсан айынан бастап айналысқанын мойындады. Күдікті елдің өзге өңірлеріне «өнімді» пошта арқылы жолдап келген», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Күдіктінің жалғыз әрекет етпегені анықталған кезде іске ҚР ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы департаменті мен шымкенттік полицейлер де араласқан.

«Бірлескен әрекеттің арқасында 29 жастағы шымкенттік әйел ұсталды. Одан 1600 психотроптық таблетка, марихуана және жалған жеке куәлік тәркіленді. Осылайша, жарты келі есірткі тәркіленді», - делінген ресми мәліметте.

Күдіктінің өзге сыбайластарын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар