Елордада есірткі сататын 4 жасырын интернет-дүкен анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада есірткі сататын төрт жасырын интернет-дүкен жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел қызметкерлері Telegram мессенджерінде төрт жасырын интернет-дүкеннің әкімшісі болған және қала аумағында синтетикалық есірткіні өзі сатып келген жергілікті тұрғынды ұстады.

Күдікті «Рефлекс» арнайы операциясы аясында елорда аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізумен және өткізумен айналысатын адамдар тобының әлеуметтік желілердегі байланыстары мен аккаунттарын зерделеу кезінде назарға іліккен.

«Ұсталған кезде одан 5 банк картасы, үш ұялы телефон тәркіленді. Тінту барысында аталған телефондарға клиенттерден есірткі сатуға тапсырыстар түсіп жатты. Ұсталған азаматтың пәтеріндеге сейфте сатуға дайындалып қойған мефедрон салынған 64 түйіншек, 28 МДМА таблеткасы, сондай-ақ үш электрондық таразы, буып-түю материалы, 10 млн теңге және 23 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша табылды», - деп атап өтеді порталдан.

Сонымен қатар Кравцов көшесінде есірткі өткізушімен байланысы бар 24 жастағы бойжеткенді ұстау операциясы жүргізілді. Оның жалдап отырған пәтерінен сату үшін дайындалған мефедронның 36 түйіншек және есірткіні өлшеп-орауға арналған құрылғылар тәркіленді. Сембинов көшесіндегі үйдің ауласынан есірткі жасырылған 5 орын жойылды.

Елордалық есірткі полицейлерінің жедел жұмысының нәтижесінде қала аумағында есірткі сататын төрт интернет-дүкен қызметінің жолы кесіліп, жойылды. Синтетикалық психобелсенді зат – мефедронның 200-ге жуық бірреттік дозасы тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының өткізуі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол мүлкін тәркілеумен 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Ұсталғандарға есірткі интернет-дүкендерін әкімшілендіру бойынша құқықтық баға сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берілетін болады.

Айта кетейік, жыл басынан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері қызметкерлерімен есірткі жарнамалайтын және сататын 915 сайт бұғатталды.


Соңғы жаңалықтар