Елордада ерекше мемориалдық кешен салу мәселесі пысықталуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру мақсатында мемориалдық кешен салу мәселесі пысықталуда. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру мақсатында қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар елордада мемориалдық кешен салу мәселесін пысықтауда. Аталған мәселе жан-жақты зерделенгеннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында қаралатын болады», - делінген Премьер-Министр жауабында.

Онда атап өтілгеніндей, мемлекеттік деңгейде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 2020 жылдың 31 мамырынан бастап «Тағзым» акциясы өткізіліп келеді. Елімізде бір уақытта бір минуттық үнсіздік ұйымдастырылады.

«БАҚ-та кеңінен жариялаумен түрлі іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде діни қызметкерлер мен конфессиялар өкілдері ұйымдастырған аза тұту, мемориалдарға гүл шоқтарын қою, телеарналарда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарының тарихы, қуғын-сүргінге ұшыраған және депортацияланған халықтардың тағдыры туралы деректі фильмдер мпрен арнайы бағдарламалар көрсетілуде. Сонымен бірге осы тақырып тарихшылармен, саясаттанушылармен және басқа да мүдделі мамандармен жаңалықтар сюжеттерінде, сұхбаттарда кеңінен жариялануда. Аталған ауқымды іс-шара жыл сайын өткізілетін болады», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар