Елордада еңбек озаттарының республикалық форумы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында еңбек озаттарының республикалық форумы өтеді. Ол туралы елордада өткен «Тәуелсіздік және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің дамуы» атты конференция барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 желтоқсан күні елордада еңбек озаттарының республикалық форумы өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінің ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан мамандары мен еңбек үздіктері қатысады. Мақсат – ел үшін, ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету. Ол жерде еңбек озаттарына Президенттің құттықтауынан бастап, мемлекеттік және министрлік деңгейіндегі наградаға дейін табыс етіледі. Біз қарапайым шаруалардың еңбегін дәріптеп, олар туралы көп айтуымыз керек», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенаты депутаты Әли Бектаев.

Оның айтуынша, аталған шара биыл бесінші рет өткелі отыр және оған 100-ден астам еңбек озаты қатысады.

«Өткен жылы пандемия кең етек жайып, бәріміз үйде отырғанда, шаруалар жұмысын тоқтатқан жоқ. Олар ел игілігі мен өз тіршілігі үшін пандемияға қарамастан тоқтаусыз жұмыс істеді. Өздеріңіз білесіздер, сол індеттің салдарынан әлем елдерінде, әсіресе Еуропа елдерінде қарапайым азық-түліктің тапшылығы байқалып, халық шулады. Ал бізде тапшылық болған жоқ. Бұл - ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың арқасы», - дейді ол.

Бұған дейін Сенат депутаты еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты түсінік берген еді.

Айта кетейік, бүгін елордада «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік алғалы бергі ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен жетістігін паш етуге арналған республикалық конференция өтті.


Соңғы жаңалықтар