Елордада Елбасына сыйға тартылған заттар көрмеге қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында елордада «Тұлғаның тылсым сыры» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ашылып отырған көрменің саяси ғана емес, тарихи да маңызы зор. Себебі бұл жай ғана портреттер емес, әр мемлекеттің Елбасына деген құрметінің белгісі. Және ол құрмет Елбасымен қатар қазақ халқына көрсетіліп отыр. Көрмеге қойылған туындылардың жүректен шыққанын және ерекше технологиямен жасалғанын көруге болады. Біз халықаралық құрметке қалай жеттік? Ол – Тәуелсіздіктің арқасында келіп отыр. Тәуелсіздік – біздің еліміздің әлем елдерімен оның ішінде дамыған алпауыт мемлекеттермен тереземіздің тең болуына алып келді. Тәуелсіздік – бізді әлемге танымал етті, соның басында біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тұр», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев көрменің ашылу салтанатында.

Депутат атап өткендей, Елбасының еңбегін қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлем мойындайды.

«Тәуелсіз мемлекетті құру оңай шаруа емес, отбасын құрудың өзі үлкен жауапкершілік. Ал тұтас мемлекетті құрып, оның экономикасын дамытып, әлем елдерімен тең ету нағыз саясаткердің ғана қолынан келеді. Біз тәуелсіздік алған кезде біраз қиындықты бастан кештік, елдің экономикасы, әлеуметтік жағдайы сол қиындықтарды еңсере білді. Бүгінде Қазақстан болашағы жарқын, әлемге танымал ел. Бұл толассыз және баға жетпейтін еңбектің арқасында іске асып отыр», - дейді ол.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында ашылған көрмеге тастан, шыныдан, балық терісінен, тас үгіндісінен, табиғи теңіз құмынан, әшекейлі жіптен, күріштен, тарыдан, фарфордан тағы басқа өнімдерден жасалған Елбасының портреттері мен заттар қойылған.

Сондай-ақ, көрме Елбасы кітапханасының музей коллекциясындағы бейнелеу өнері заттары мен ыдыс-аяқтар жинақтарының «Портреттер» тақырыптық тобынан дайындалып отыр.



Соңғы жаңалықтар