Елордада екі қабатты коттедж үй аула клубына айналды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тұрғындарының бос уақытын өткізуі үшін екі қабатты коттедж үйі аула клубы ретінде өзгертілді. Демалыс орталығы Үркер тұрғын алабында орналасқан. Бұл — аудандағы алғашқы аула клубы, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Есіл ауданында орналасқан жаңа клубтың артықшылығы — бұл жерде балалар мен ересектер де бос уақытын өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа аула клубында спортпен, йогамен айналысуы, сол сияқты дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, домбыра шертуі үшін мүмкіндік қарастырылған. Қыздар үшін аспаз курсы бар. Аула клубының ішінде кітапхана орналасқан..

«Үлкен кісілер жастарға үлгі болады. Мұнда олар өскелең ұрпаққа өмірдегі тәжірибесімен бөлісіп, олармен бірге дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Үркер елді мекенінде көпбалалы отбасылар аз емес. Бұл аумақта шамамен 20 мың адам тұрады. Сол себепті мұнда үлкен аула клубын құру қажет болды. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша бұл ауданда бос уақыт өткізу орталығын аштық», — деп атап өтті Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Балалар мен ересектер елордадағы аула клубтарының бәріне тегін қатыса алады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін елордада бірқатар аула клубын ашу жоспарланып отыр.

«Бұрын үйірмелерге бару үшін қалаға автобуспен қатынап, жолымыздың өзіне бір сағатымыз кететін. Енді ауданымыздың да өз аула клубы бар. Мен оған қатысып қана қоймай, екі курс ұсынғым келеді. Біріншісі — балаларға арналған актерлік шеберлік дәрісі, екіншісі — гидропоника үйірмесі. Онда біз суда өсетін өсімдіктерді ғана өсіреміз. Сол сияқты идеяларды жүзеге асыратын эко-сыныбымыз бар», — деп атап өтті Игорь есімді тұрғын.

Нұр-Сұлтанда аула клубтарының саны едәуір артты. Қазіргі уақытта 28 аула клубы жұмыс істейді, ал онда шамамен үш мың бала оқиды.

Қала әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бос уақыт орталықтарын құруға, қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар), қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына, таза ауада бос уақытын өткізетін аула аумақтарын абаттандыруға ерекше көңіл бөледі. Бұл жұмыс барлық ауданда, соның ішінде тұрғын алаптарында жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар