Елордада дүниежүзілік сауда орталығының негізі қаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақыт Сұлтанов Дүниежүзілік сауда орталығының капсуласын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін - елорда тарихындағы маңызды күндердің бірі. Бас қаламызда Дүниежүзілік сауда орталығы негізінің қалануы - қаланың стратегиялық дамуының бір бөлігі. Ендігі уақытта ЭКСПО аумағында және «Астана» халықаралық қаржы орталығы жанынан тағы бір әлемдік деңгейдегі инвестициялық бренд ашылғалы отыр. Бұл өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық инвестициялық маңызды орталықтардың бірі екендігін білдіреді», - деді Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде «Nest Investments Holdings» компаниясының корпоративтік инвестиция жөніндегі директоры Мехран Эфтехар елордада әлемдегі ең ірі сауда қауымдастығының негізі қаланғанын айта келе, онда 90 елдің өкілі жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

«Дүниежүзілік сауда орталықтарының мақсаты - сауда мен инвестицияның жаңа мүмкіндіктерін құру. Біз Қазақстан астанасының әлемдік жобаларды жүзеге асыратын ірі қалалардың қатарында екеніне қуаныштымыз. Өйткені, бұл қосымша жұмыс орны, жаңа инвестиция тарту және заманауи технологияларды адам игілігіне қолдану деген сөз. Жаңа сауда орталығы - қала экономикасына пайда түсіретін, оңтайлы жоба болатынына сенімдіміз», - деді М.Эфтехар.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының басқарма мүшесі (WTCA) Рольф Драакпен және «Nest Investments HOLDINGS» компаниясының корпоративтік инвестициялар жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесіп, елордада дүниежүзілік сауда орталығын салу жобасын мақұлдаған болатын.

«Біз Брюссельде сіздердің ұсыныстарыңызды талқылап, тағы да кездесу өткізу жөнінде уағдаласқан едік. Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығының мұндай жобаларды жүзеге асыру ісіндегі мол тәжірибесін ескеріп, біздің ынтымақтастығымыз екі тарапқа да жемісті болады деп ойлаймын. Бұл жоба елордамыздың келбеті мен рухына сай келіп, оның ажарын аша түскенін қалар едім, - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар