Елордада Дүниежүзілік кеден ұйымының аймақтық форумы өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-сұлтан қаласында Еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің шарамыз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен Астана экономикалық форумы аясында өтеді және қазіргі заманның экономикалық, қаржылық және әлеуметтік сын-тегеуріндері бойынша жаңа шешімдер іздеудегі адамзаттың ең үздік ақыл-ойын біріктіретін халықаралық саммит ретінде мойындалған. Қазақстан Еуразия кіндігінде, Еуропалық және Азия-Тынық мұхиты өңірінің Дүниежүзілік кеден ұйымына мүше елдердің тоғысында орналасқан. Біз екі ірі өңірдің кеден әкімшілерінің көптеген өкілдерінің осынау форумға қатысып жатқанын жоғары бағалаймыз», - деді шараның ресми ашылуында сөз сөйлеген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков.

Сонымен қатар ол осы жылдың наурызында Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурияның Қазақстанға ресми сапармен келіп, еліміз Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездескенін еске салды.

«Микурия мырза кедендік бақылауды жетілдірудегі Қазақстанның кеден қызметінің оң табысын және Дүниежүзілік кеден ұйымының жұмыс органдарына белсенді қатысатындығын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан тарапы Бас хатшыға көрсетіп отырған техникалық көмегі мен институттық дамуға қолдауы үшін ризашылық білдірді», - деді ол.

Айта кетейік, үш күнге созылатын форумға 30-дан астам елдің, Дүниежүзілік кеден ұйымының, АҚШ Халықаралық даму агенттігінің, Еуропалық комиссияның, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар