Елордада Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған қорытынды концерт өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ ұлттық өнер университетінде күйші, композитор, Қазақстан халық әртісі Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай «Әсем қоңыр» атты қорытынды концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған білім ордасының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем әртісі Айман Мұсақожаева өз сөзінде Динаның өмір жолы мен ұлттық музыканы дамытудағы айрықша рөлі туралы толымды ой қозғады.

Ұлы күйші Құрманғазының дарынды шәкірті, өткен ғасырдың орта тұсында ерекше қабілеті арқылы есімі бүкіл Кеңес одағына кеңінен таралғанын және қазақтың аспаптық музыкасының тамаша дәстүрін кейінгі буынға табыс еткен ғажайып өнер иесі екендігін атап өтті.

2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев баяндап берді.

«Шілде айының басында астанамызда Дина Нұрпейісова ескерткішінің ашылуы тарихи оқиға болды. Мүсінші Бауырқан Жалынның еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл – күй анасына және қазақ халқының өнеріне көрсетілген шынайы құрмет. Ұлы күйшінің мерейтойы жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан Мәдениет және спорт министрлігіне, республикалық композиторлар және күйшілер одақтарына, Қазақ ұлттық өнер университетіне, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық колледжіне және Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы өнер шығармашылығы ұжымдарына жыл бойы атқарған қызметтері үшін алғысымыз шексіз. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, осы жұмыстың басы-қасында жүріп қолдаған, ағалық ақыл-кеңестерін берген мемлекет және қоғам қайраткерлеріне ризашылығымызды білдіреміз», - деді Т.Қуанышев.

Осы кешке құрметті мейман ретінде Алматыдан арнайы шақырылған домбырашы, композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев үлкен қошеметпен сахнаға көтеріліп, Құрманғазының «Ақбай», Динаның «Әсем қоңыр» шығармаларын және халық күйі «Ақсақ құланды» тартып берді.

Қазақ ұлттық өнер университетінің ұлттық аспаптар оркестрі және жеке домбырашылар Динаның оннан астам күйлерін орындап, көрермендердің көңілінен шыға білді. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала музыка мектебінің түлегі, қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті, республикалық конкурстардың лауреаты, Динаның алтыншы ұрпағы Мұқағали Рысқалиев күй тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбатыр Сейтақтың күйшіге арналған «Күй өнерін бар әлемге танытты» атты өлеңі оқылды.

Өнер кешін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жүргізіп отырды.

Жас өнер иелерін ынталандыру мақсатында «Күй анасы» қорының атынан аталған оқу орнының жанындағы колледждің үшінші курс студенті Әлішер Бекбауұлына арнайы тапсырыспен жасалған домбыра сыйға тартылды. Сондай-ақ келешекте университет мұражайында ұлы күйшіге арналған бөлім ашылады деген ниетпен білім ордасына Динаның көлемді портреті табыс етілді. Оқу орнының кітапханасына Д.Нұрпейісова туралы биыл жарық көрген кітаптар сыйлық ретінде берілді.

Жиналғандар тамашалаған көрмеде Дина Нұрпейісова туралы жазылған мақалалар, танымал өнер иелері берген сұхбаттар, кітаптар және 200-ге жуық құжат деректері орын алды. Соның ішінде бұрын жария болмаған Динаның шөбересі Төлеген Қуанышевтің жеке мұрағатындағы мәліметтер де көпшілік назарына ұсынылды. Елорда іргесіндегі Қосшы кентінің тұрғыны, домбыра аспабын жасаудың шебері Нұржан Ділмановқа жеке туындыларын халыққа таныстыруына мүмкіндік жасалды. Ол да арнайы көрме ұйымдастырып, талапқа сай, өз қолымен жасаған отыз шақты домбырасын алып келді. Түрлі қалыптағы аспаптардың табиғи үнін естіп көремін дегендерге домбыраны шертіп қарауына рұқсат берілді.

Кештің құрметті қонақтары, қоғам және өнер қайраткерлері Ирак Елекеев, Зейнолла Алшымбаев, Серік Әбдірахманов, Мұхамбет Көпей, Қайрат Сарыбай, Орақ Әлиев, Уәлихан Қалижанов, Қайрат Байбосынов, Айтқали Жайымов, Айтжан Тоқтаған, Бекболат Байсағатов, Тұрар Әліпбаев, Керім Пірімқұлов осындай іс-шараны жоғары деңгейде өткізген университет ұжымына ризашылығын білдірді.

«Дина әжеміз табиғаты ерекше дарын иесі болған. Оның шығармалары адамға күш-жігер, рух береді. Жастарды ұлттық тәрбиеге баулуда, отансүйгіштік сезімдерін арттыруда Динаның керемет күйлерінің рөлі өте зор. Мұндай мәдени іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде, оқу орындарында жыл сайын тұрақты өтіп тұрса, тәуелсіз еліміздің өскелең ұрпағын қалыптастыру ісінде тағылымы мол болар еді», - деді И.Елекеев.

Елорда тұрғыны, зейнеткер Сәуле Хайруллина: «Бұл концерттен тамаша әсер алдық. Университет ұстаздары мен студенттерінің домбыра тартуы ғажап екен. Мұндай дәрежеде күй тартқан адамдарды көрмеп едім. Қазақта «Домбыраның құлағында ойнайды» деген сөз бар. Шын мәнінде, ұлттық аспабымызды жоғары деңгейде меңгерген жандарды көріп, көңіліміз өсті. Осы оқу орны алдағы уақытта өнерлі жастарды тәрбиелеп шығара беретініне көзіміз жетті. Халқымыздың рухани байлығы өркен жая берсін», - деп өз ойын білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Дина Нұрпейісова атындағы күй байқауының жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар