Елордада дәстүрлі «Мың алғыс» қайырымдылық кеші басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында «Мың алғыс» қайырымдылық кеші басталды. Бұл туралы шара ұйымдастырушылары «Қазақстан» РТРК мен «Қазақ радиолары» ЖШС хабарлады.

Қайырымдылық кеші 2016 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаев бекіткен «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орайластырылып отыр. Кештің мақсаты – мейірімділік, қайырымдылық, өмірге деген құлшынысты насихаттау, сондай-ақ көмекке мұқтаж жандар мен ауыр дертке шалдыққандарға көмектесу. Іс-шараға Парламенттің қос палатасының, оның ішінде ҚХА атынан сайланған депутаттар мен зиялы қауым және БАҚ өкілдері келген.

Қайырымдылық кешінде «Мың алғыс» радиохабарына көмек сұрай келген жандарға қаржылай қолдау көрсетіліп, ем-домына жиналған қаражат табысталды. Бұдан бөлек, 3 көпбалалы отбасыға пәтер кілті берілді. Бір-бірін жоғалтып алған апалы-сіңлілі жандардың 56 жылдан кейін сахнада кездесуі де көрермен жүрегін тебірентті. Шешентсан Республикасынан келген Наталья Шенгириева Павлодар қаласында тұратын бауырын «Қазақ» радиосындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының арқасында тапқан.

Айта кеткен жөн, «Қазақстан» РТРК мен «Қазақ радиолары» ЖШС бұл қайырымдылық марафонын осымен үшінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Осы уақыт ішінде «Мың алғыс» жобасы арқылы жалпы сомасы 85 млн.теңгеден астам қаржыға көмек көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар