Елордада бюджет қаржысы неге уақытылы игерілмей отыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың қорытындысы бойынша қала бюджетінен 20 млрд теңге игерілмей қалған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Владислав Сергеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала бюджеті 97,2 пайызға игерілген. Былай қарасақ, игерілмеген бюджеттің пайыздық көрсеткіші болмашы ғана. Ал іс жүзінде қарасақ, сол игерілмеген аз ғана көлем 20 млрд теңгені құрап отыр. Бұл сомаға қаншама әлеуметтік мәселені шешуге болар еді. Яғни кейбір салаға қосымша қаржы бөлуге ақша таба алмай жатсақ, мына жақта миллиардтар игерілмей жатыр. Бюджеттің уақытылы игерілмеуінің басты себебі - тауар жеткізушілермен жасалатын келімшарттағы міндеттердің орындалмауы. Бұл - жүйелі мәселе. Сонымен қатар жарияланған байқаулардың өтпей қалуы да себеп», - деді Владислав Сергеев қалалық мәслихаттың отырысында.

Комиссия төрағасы қалалық бюджет бойынша кредиторлық берешек мәселесін көтерді.

Оның дерегінше, 2020 жылмен салыстырғанда өткен жылы кредиторлық берешек 2,2 пайызға артқан.

Бұған дейін мәслихат отырысында қалалық бюджет қаражатын игермеген 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылғаны айтылды.

Одан бөлек, елордада бюджет қызметкерлерінің жалақасына қосымша 30%-дан 100%-ға дейін үстемақы берілетіні белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар