Елордада бүлдiршiндер арасында еңбектеуден жарыс ɵттi

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бас қалада алғаш рет бүлдiршiндер арасында жарыс ɵттi. Бәсекенің ерекшелiгi сол, оған 6 айдан 1,5 жасқа дейiнгi балалар қатысты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Кiшкентай бүлдіршіндер арасындағы еңбектеуден жарыс астанада ғана емес, елiмiзде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бүгiнгi байқауға 375 ата-ана ɵтiнiш бiлдiрген. Арасында ауа райына байланысты келмей қалғандары да бар. Бұл конкурсқа ɵтiнiш беру екi апта бұрын басталған. Бастапқыда ниет бiлдiрген ата-аналар саны аз болатын. Қатысушылар аз болғандықтан, аздап қобалжыған едiк. Бiрақ соңғы үш күнде олардың қатары күрт артты», – дедi ұйымдастырушы «Korkem» компаниясының астаналық филиалының жетекшiсi Гүлнәр Құнанбаева.

Айта кетсек, аяғы ерте шығып, жүрiп жүрген балалар бұл жарыста еңбектеп сынға түседi. Бас жүлде сыйлығы – жарысқа қатысушы балаларға бiр жылға жетерлiк «molfix» компаниясының жɵргегi. Бiрақ ұйымдастырушылар жарыс жолына шыққан нәрестелердің ешқайсысын сыйлықсыз қалдырмады.

«Бұл – əзiрге кенже балам. Қазiр 7 айда. Күнделiктi еңбектеп, жаттығып жүрмiз. Мұндай жарыстың болатынын достарымнан естiдiм. Содан бiрден байқауға жазылып, қатысып отырмыз. Бұл – баламның ɵмiрiндегi алғашқы жарысы, алғашқы жеңiсi. Алдағы уақытта ұйымдастырылып тұрса, жиi қатысып тұрамыз», – дедi ең бiрiншi болып жарысқа шығып, жеңiмпаз болған Жасмин есiмдi балдырғанның анасы Айжан Жүсiпова.

«Korkem» компаниясының ɵкiлi Хадиша Əбдiғалиқызының айтуынша, жеңiске жеткен бүлдiршiндер ɵзара сынға түсiп, соның нəтижесiнде екi чемпион анықталады. Жарыс жолының қашықтығы – 10 метр. Осы аралықты еңбектеп ɵтуi үшiн ата-аналары ұялы телефондарын, түрлi ойыншықтарын пайдаланды.

Соңғы жаңалықтар