Елордада биылғы алғашқы үшем дүниеге келді

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл – биыл дүние есігін ашқан алғашқы үшем сәбилер. Жыл басынан бері Астанада 7 мыңнан астам нәресте өмірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Үш балалы ана бірден көпбалалы үйелмендер қатарына қосылды.

Әсел Шонтаева отбасымен бірге былтыр тамыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданынан елордаға көшіп келген.


Үшемдердің екеуі қыз, біреуі - ұл. Қала тұрғыны №3 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне ризашылығын жеткізді.

Қуаныш иесін арнайы құттықтау үшін Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов барды.


«Бала денсаулығы басты назарда. Елордамызда жыл сайын халық саны артып келе жатқандықтан тағы екі перинаталды орталық салу жоспарда бар. Қазір үш бірдей перзентхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Былтыр 800-ден астам маман жергілікті бюджет қаражатынан шетелде білім алып келді. Олардың арасында неонатолог, педиатр мамандары жетерлік», - деді басқарма басшысы.

Жыл сайын аталмыш ауруханада 8 мыңнан астам әйел медициналық көмек алады.

Тәулігіне акушерлер 15-25 әйелді босандырады.

Елордада жылына 33 мыңнан астам бала дүниеге келсе, оның ішінде экосыз үшемнің өмірге келуі сирек жағдай.

«Былтыр ана өлімі болған жоқ, нәресте шетінеп кеткен жағдай ең төмен дейгейде болды. Пациенттерімізге көрсетілетін қызмет сапасы үнемі бақылауда», - дейді бас дәрігер Жұлдыз Данбаева.

Сәния, Самира және Айсұлтан есімді балапандардың денсаулығы жақсы. Дәрігерлер сәбилерге күтім көрсетіп, үйге шығаруға дайындап жатыр.


Соңғы жаңалықтар