Елордада Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған кеш өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында опера сахнасының аңызға айналған тұлғасы, СССР және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеш «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. «Тамаша лирикалық-колоратуралық сопрано иесі Бибігүл Төлегенованың шәкірттері мен «Астана Операның» солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Жәмиля Жарқымбаева, Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыргөзов, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Гүлдана Алдадосова және тағы басқалар кешке рухани атмосфера сыйлайды. Концерттің шақырылған қонағы – Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың Гран-при иегері (2019 ж.), керемет тенор, дүниежүзіне танымал әнші Козимо Оресте (Италия)», - деді театрдың баспасөз қызметінен.

Келген қонақтар алдында Бибігүл Төлегенова да өнер көрсететін болады.

«Сүйікті тыңдармандарымның махаббаты қашан да менің шығармашалығыма берілген үлкен баға. Сондықтан олардың алдында орасан зор жауапкершілікті сезінемін және осы концертті қымбат тыңдармандарымның алдындағы есебім деп санаймын. Бұл күні менімен бірге сахна төріне көпшілігі биыл онжылдық мерейтойы аталып өткен байқауымның лауреттары болып табылатын «Астана Опера» солистері шығады», – деді Бибігүл Төлегенова.

Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гаухар Усина, Әнел Рүстемова, Тайыр Ғатауов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Назир Заетов, Бостан Қожабеков, Сұлтанбек Ғұмардың орындауындағы тамаша нөмірлер кештің көркін аша түспек.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі, хоры және балеті. Дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, Арман Оразғалиев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Режиссері – Наталья Кагадий.

Бағдарламада қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар, хореографиялық нөмірлер бар.

«Бұл шығармашылық кеш әртістердің ұлы әншіге жасаған музыкалық тартуы болмақ», - деп атап өтті театрдан.

Соңғы жаңалықтар