Елордада бейнебақылау камерасы велосипед ұрысын ұстауға көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жыл басынан бері 40-тан астам велосипед ұрланып, оның 19-ы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Велосипедтер көбінесе үй кіреберісінде және қоғамдық орындарда қолды болады.

«26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының жанар-жағар май станциясы маңынан велосипед ұрланғаны туралы ақпарат түсті. Жедел басқару орталығының инспекторы бейнебақылау камерасымен күдіктіні анықтап, сол жерге «Талас-51» полиция патрулін жіберді. Күдікті азамат ұсталып, «Алматы» ауданының полиция басқармасына жеткізілді. Велосипед иесіне қайтарылды. Тергеу жұмыстары басталды және ұсталған адамның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент қала тұрғындарына велосипедті арнайы қондырғымен бекітіп қоюға кеңес береді.

«Велосипед мінетін қала тұрғындары мен қонақтары артып келеді. Сонымен бірге, осы көлік түрін ұрлауға бейімделгендер де жетерлік. Азаматтар өз мүлкінің сақталуына жіті назар аударғаны жөн, оны арнайы қондырғымен бекітіп қойған абзал. Жалпы, жыл басынан бері 40-тан астам велосипед ұрланып, оның 19-ы табылды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар