Елордада Беларусь елінің мәдениет күндері басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Беларусь республикасының мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы іс-шара Беларусь киносы күндерінің салтанатты ашылуымен бастау алды.

Алдағы 3 күн бойы елорда жұртшылығы «Керуен» ойын-сауық және сауда орталығындағы кинотеатрдан беларусь фильмдерін тегін тамашалай алады.

Кино күндерінің шымылдығы режиссер Дмитрий Астраханның «Судьба диверсанта» фильмімен ашылды. Және кино күндері аясында 10-нан астам фильм көрсетілмек.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың іргесі берік. Соның ішінде мәдени қарым-қатынас та бар. Қазақстан Беларусьте өтетін ірі мәдени-ағарту іс-шараларына белсене қатысып келеді. Соның бірегейі Беларусь елінде дәстүрлі түрде өтетін халықаралық кітап көрмесі, «Славян базары» халықаралық музыкалық өнер фестивалі, Минскіде өтетін «Листопад» халықаралық кинофестивалі және тағыс басқа. Биыл «Листопад» халықаралық кинофестивалі аясында беларусь жұртшылығы назарына бірнеше отандық фильм ұсынылды. Одан бөлек, бізде мемлекеттен бюджеттен Беларусь елімен бірлесіп фильм түсіруге қаржы қарастырылған», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов мәдени шараның ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, вице-министр астаналықтарды Беларусь елінің мәдениет күндері аясында өтетін шараларға қатысуға шақырып, аталған ұлттың мәдениетімен жақынырақ танысуға кеңес берді.

«Дәстүрге сай Қазақстанда Беларусь Республикасының мәдениет күндерін ашық деп жариялаймыз. Ең алғаш рет 2013 жылы біздің елде Қазақстанның мәдениет күндері аталып өтілді. Содан бері жыл сайын екі елде мәдениет күндері тұрақты түрде өтіп келеді. Өкінішке қарай, өткен жылы пандемияға байланысты аталған мәдени шара ұйымдастырылмады. Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдениет күндерін отандық фильмдерімізді ұсынудан бастаймыз. Қазақстандық көрермендерге тарихи, көркем және анимациялық фильмдер көрсетілетін болады. Кинотуындылар қазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Сол сияқты фильмдерді тамашалау арқылы беларусь халқын жақынырақ тани аласыздар деген үміттемін», - деді Қазақстандағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Павел Утюпин аталған шарада.

Одан бөлек, елшінің айтуынша, ертең Ұлттық музейде «Қазіргі Беларусь жас суретшілердің көзімен» атты картина көрмесін ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ертең кешке «Қазақстан» концерт залында мерекелік концерт өтеді.


Соңғы жаңалықтар