Елордада «Батырларға тағзым» шеруіне 25 мың адам қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында «Батырларға тағзым» шеруі өтіп, оған 25 мың адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұрыс даласында қаза тапқан және Отанына аман-есен оралған жауынгерлердің ұрпақтары туған-туыстарының портреттерін ұстап, «Қазақ елі» монументі алаңына жиналды.

Шеру монумент алаңында басталып, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «Отан қорғаушылар» алаңына дейін жалғасты.

Іс-шараға елордалықтар ғана емес, көрші өңірлердің тұрғындары да қатысты. Олардың арасында Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Алматы қалаларының тұрғындары және шетелдік қонақтар болды. Шеруге қатысушылар «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын еш кедергісіз қоюы үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 15 топ құрылды.

Соғыс жылдары ерлік көрсеткен атасын еске алу үшін Дана Зейнулла шеруге отбасымен бірге қатысты. «Менің атам Жақсылық Шаханов Фин және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Тірі оралып, отбасылы болды. Кейін менің анам дүниеге келді. Одан біз тарадық... Атамызға жеңіс сыйлағаны үшін рахмет айтамыз!», - деді Д. Зейнулла.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Батырларға тағзым» үйлестіру кеңесінің басшысы Аида Баймақова жауынгерлердің ұрпақтарына шеруге қатысқандары үшін алғыс айтты.

«Отбасымен, кішкентай балаларымен келген көптеген адамдарды көріп, біздің азаматтарымыздың бірлігі мен ынтымағына кезекті мәрте көзіміз жетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың ұрпақтарының атынан қала әкімдігіне шеруді ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс білдіргіміз келеді», - деді А. Баймақова.

Соңғы жаңалықтар