Елордада басқа адамның жеңілдігі бар көлік картасын пайдаланатындар көбейіп кетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері басқа біреудің жеңілдігі бар көлік картасына өз суретін жабыстырып алып пайдаланған бірнеше адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Astana LRT компаниясына сілтеме жасап.

«Негізінде жеңілдігі бар көлік карталары атаулы болып саналады және үшінші тұлғаларға берілмейді. Басқа адамның атаулы көлік картасымен валидация жасаған жолаушы тексеру кезінде жол ақысын төлемеген деп саналады», - деп жазды компанияның баспасөз қызметі Facebook-тегі парақшасында.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жолақысын төлеуден жалтарғаны үшін 2 АЕК, яғни 5050 теңге айыппұл салынады.

Өткен жылы елорданың бірнеше тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша жалған зейнетақы куәліктерін пайдаланғаны үшін сотталды.

«Осы бапқа сәйкес жалған құжатты пайдаланғандығы үшін 300 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 240 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 75 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға сияқты жазалар қолданылады», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар