Елордада балалардың кітап оқуын қолдау жылы ресми түрде ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен шараға елорданың және еліміздің басқа өңірлерінің белсенді оқушылары офлайн және онлайн форматта қатысты.

«Ең алдымен өздеріңмен бүгін қауышып отырғаныма қуанышты екенімді жеткізгім келеді. Өздерің білесіңдер, осыдан отыз жыл бұрын бабалардың аңсаған арманы орындалып, егеменді ел болдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен,ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек» деген үндеу жолдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды. Осыған орай, биылғы жылды елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялап отырмыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова салтанатты шарада.

Сондай-ақ, министр балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамытуға арналған жаңа бастамаларға әрқашан да қолдау көрсетілетінін айтты.

«Өскелең ұрпақ өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Соның ішінде туған жеріне, қоршаған ортасына, өз тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарап, өз ортасында, достарының арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Осы орайда 2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялануы өте қажет әрі дұрыс бастама деп санаймын», - дейді ол.

Министрдің айтуынша, биыл жыл бойы балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңызын атап өткендігін, Президент бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғынының күш-жігерін оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырғандығын айтты.




Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялады.



Соңғы жаңалықтар