Елордада балалар үшін қоғамдық көлік картасының валидациясы міндетті болып қала бермек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада кәмелетке толмаған балалар үшін қоғамдық көлік картасының валидациясы міндетті болып қала бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2020 жылғы 28 наурыздан бастап елордада барлық кәмелетке толмағандар үшін жол жүру тегін болады. Қоғамдық көлікпен жүруге қатысты бірқатар мәселелер азаматтарды қабылдау, мәслихат сессиялары мен есептік кездесулерде көтерілді. Тасымалдаушылармен келіссөздер барысында қала әкімі 18 жасқа толмаған тұлғалар үшін жол жүру тегін болатыны туралы шешім қабылдады. Шеткері аймақтарда тұратын кәмелетке толмаған балалар да тегін қатынай алады. Осы уақыт аралығында барлық дайындық жұмыстары жүргізіледі», - деп хабарлайды қалалық әкімдіктен.

Дайындық жұмыстарының қатарына түсіндіру, балаларға олардың аттары жазылған көлік карталарын сатып алу жұмыстары жатады. Көлік картасы барларына оны ауыстырудың не жаңасын сатып алудың еш қажеті жоқ.

«Автобуста көлік картасының валидациясы (тегін жол жүретін тұрғындар үшін де) міндетті болып қалады. Себебі сол деректер негізінде қоғамдық көлік маршруттары жасалады. 7 жастан 15 жасқа дейінгі жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 40 теңге болды, ал 15 жастан асқан тұрғындар үшін 90 теңге болатын. Жеңілдігі бар азаматтардың санаттарына жататын тұрғындар да тегін жол жүреді», - деп хабарлайды әкімдіктен.

Еске сала кетсек, бүгінгі көрме-конференция барысында Бекмырза Игенбердинов елордада кәмелетке толмаған балалар қалаішілік қоғамдық көлікпен тегін жүретінін хабарлаған еді. Сонымен қатар халықтың алты санатына кіретін азаматтарға қала маңы бағдары бойынша қоғамдық көлік тегін болады. Ол алты санаттың ішіне зейнеткерлер, мүгедектер, ҰОС ардагерлер, мүгедектерді алып жүрген адамдар, көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылардың мүшелері кіреді.


Соңғы жаңалықтар