Елордада бағаны заңсыз көтерген бірнеше нысан жауапқа тартылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада бірнеше субъектінің бәсекелестікті қорғау және монополияға қарсы заңдылықтарды бұзғаны үшін айыппұл салынып, жауапқа тартылды.

Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тимур Каленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қамқор Локомотив» ЖШС-нан локомотивтерге техникалық қызмет көрсету нарығында жоғары баға қою арқылы, табыс тапқаны үшін айыппұл өндірілді. «ТЭК-ҚАЗАҚСТАН» ЖШС-сы дизель отынын қабылдау, сақтау және жіберу бойынша қызметтерге жоғары баға қойғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімі күшіне енген жоқ. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг қорытындысы бойынша «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ және «АдгоЭксперт-АЅ» ЖШС тұқымдық және отырғызу материалының сорттық және егістік сапасын айқындау жөніндегі қызметтер нарығында бәсекелестікке қарсы келісім жасасу бөлігінде заңбұзушылықтар анықталды», - деді Тимур Каленов Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингінде.

Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесі тәртібін бұзғаны үшін аталған екі компанияға қарсы іс қозғалды.

«Істерді қарау қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қатысты тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар