Елордада азық-түлік белдеуін дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда айналасындағы азық-түлік белдеуін дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017-2021 жылдар аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің үйлестіруімен елорда айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылды. Алайда осы бағдарлама нәтижесі айтарлықтай болмады. Шын мәнінде барлығы қағаз жүзінде қалып, декларативті сипатта болды. Бұл тұрғыда тиісті қадамдар бюджетте ескерілмеген», - деді Е. Балтаев қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде қалада жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр.

«Азық-түлік белдеуін дамытуға қатысты тың қадамдарды қамтитын жаңа бағдарлама даярланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе нақты өндірістер мен жобаларды дамыту пысықталып жатыр. Бұл өндірістердің қызметі тек елордаға бағытталады. Осы кәсіпорындарды дамытудың тетігі ретінде мемлекеттік қолдаудың барлық іс-шаралары қамтылады, яғни субсидиялау мен инвестициялау қадамдары ескеріледі», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сыртқы факторлардың ықпалын азайту үшін елордада азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру тетігі жүзеге асырылып жатыр.

Бұл тұрғыда кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетігі ескерілген. Осы уақытқа дейін 13,1 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, елордада халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік арнайы карта арқылы өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар