Елордада азық-түлік бағасы қымбаттамау үшін қандай жұмыстар атқарылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бас қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар жүргізіліп жатқандығы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдан бастап ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесе отырып әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің баға тұрақтылығын сақтау механизмін жүзеге асырудамыз. Яғни сауда желілері тауар алар кезде бізден қаржылай көмек алады, есесіне олар азық-түліктің бағасын көтермейді. Былтыр бұл жоба жалпы сомасы 180 млн теңгені құраса, бір жылда өзінің тиімділігін көрсетіп, биыл 2,5 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде халық жиі тұтынатын 19 атаулы азық-түлік бар. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі және бүгінде бұл тәжірибе еліміздің басқа өңірлерінде де қолданылуда», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев.


Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында өткен жылы 4 сауда желісімен келісімшарт жасалса, биыл олардың саны 12-ге жетті.

«Бүгінде елорданың барлық дерлік ірі сауда желілері біздің механизммен жұмыс істеуде. Оның ішінде халық арасында жиі сұранысқа ие Small, Magnum және Cash&Carry сауда желілері бар. Бұған дейін жыл сайын картоп, пияз және сәбіздің бағалары өсіп тұрса, биыл 2,5 млрд теңге қаржы бөлудің арқасында баға тұрақталды. Әрине ол қаржы қайтару есебімен беріледі. Одан бөлек, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін фирмалармен тікелей байланыс орнатудамыз. Бұл – халық қажетті көкөністердің бағасын тұрақты ұстау деген сөз. Осы орайда алдағы қыста азық-түлік бағасы өспейді деп болжап отырмыз. Және баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы шараларды тиісті органдармен бірлесіп одан әрі жалғастыратын боламыз», - деді ол.


Өз кезегінде Magnum Cash&Carry сауда желісінің аймақтық директоры Максим Савченко баға тұрақтылығымен қатар, оның сапасын да ескеру керектігін алға тартты.

«Баға мен сапа сәйкес келсе, демек тұтынушылар арасында сұраныс артады деген сөз. Елорда әкімдігі қолға алған азық-түлік бағасын тұрақты ұстау тұру жобасы бірнеше жыл жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік компания ретінде біз де баға тұрақтылығын сақтауға тырысамыз. Қазіргі уақытта бізде 4 түрлі өнім бойынша бірқалыпты баға. Ол картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат. Біз алдымен тауарды қанша көлемде және қай уақытта алу керектігі жөнінде талдау жасаймыз. Содан соң қаржы алып, оған тауар сатып алып, оның бағасын орнатамыз. Сондай-ақ, қалалық әкімдік және басқа жауапты мекеме өкілдері біздегі баға тұрақтылығы бойынша мониторинг жүргізеді», - дейді М. Савченко.


Соңғы жаңалықтар