Елордада азық-түлік бағасы қалай реттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елордада 19 негізгі азық-түлік тауарларының бағасы 109,3 пайызға өскен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері 19 негізгі азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 109,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға төмен. Жалпы бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие. Дәстүр бойынша бұл қаңтардан бастап, сәуірге дейін байқалады. Ал мамыр айынан бастап, жаңа өнімге баға түсе бастайды. Сондай-ақ, бағалардың өсуінде өндірушілердің шикізатқа, қаптау, буып-түю материалдарының қымбаттауы және көлік шығыстары көрсетіледі. Және оған алыпсатарлар үлкен әсер етеді», - деді Гүлмира Ермолдина Орталық коммуникациялар қызметінде «КВИ жағдайында азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» баспасөз мәслихатында.

Жалпы қала бойынша бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар шара қабылдануда. Бірінші – «Айналым механизмі» бойынша 20 мың тонна өнімге келісімшарттар жасалды. Яғни, 7 субъектімен шарттарға қол қойылып, 3,6 млрд теңгеге несие бөлінді. Бұл қаланың ірі сауда объектілерінде өнімді бекітіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді.

«Атап айтқанда, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап 2021 жылғы мамырға дейін көкөністердің негізгі төрт түрі бойынша баға бекітілген, ол - картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз; Келесі – күріш пен қарақұмықтың бекітілген бағасы 2020 жылдың сәуірінен 2021 жылдың сәуіріне дейін, күнбағыс майы – 2020 жылдың сәуірінен 2021 жылдың сәуір айына дейін жарамды. Және әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрі (сүт, айран, сүзбе, сары май және күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, құс еті, мүйіз, тұз) биылғы қазаннан бастап 2021 жылғы сәуірге дейін тұрақты болады», - деп түсіндірді спикер.

Екіншіден, баға қымбаттаған жағдайда тұрақтандыру қорларынан жедел тауар интервенциялары жүргізіледі. Қазір тұрақтандыру қорынан қаланың 6 сауда объектісінде («Магнум», «Астықжан», «ВкусМарт», «Ақмол», «Шапағат» және «Смолл») қанттың тауарлық интервенциялары бір келіге 220 теңгеден аспайтын бағамен жүргізілуде. Жалпы қорда 900 тоннадан астам қант бар.

«Нан бағасын тұрақтандыру үшін отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн теңге бөлінді. Бұл ұн келесі қыркүйек айында егін жиналғанша жеткілікті болады. Үшіншіден, отандық өндірушілермен биылғы желтоқсаннан келесі жылдың мамырына дейін жеміс-көкөніс өнімдерін тіркелген бағамен сату үшін «форвардтық келісімшарттар» жасалды. Сондай-ақ, жалпы ауданы 50 мың шаршы метр болатын 3 көтерме-тарату орталығын салу үшін инвесторлар тартылды. Олардың құны шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған», - деді Г. Ермолдина.

Сонымен бірге, елордада 5 қыркүйектен 11 қазанға дейін 12 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген. Онда ел өңірлерінен жеткізілген 4300 тоннадан астам өнім сатылды.

«Қазір де қолайлы ауа-райы жағдайларын және тұрғындар тарапынан сұранысты ескере отырып, жәрмеңкелерді қазан айының соңына дейін өткізу ұйғарылды. Соңғы екі жәрмеңке айналым схемасына қатысатын «Магнум» мен жақын орналасқан тауар өндірушілердің қатысуымен өтеді», - деді Г. Ермолдина.


Соңғы жаңалықтар