Елордада Азия жастарының кеңесі өтіп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жастар кеңесінің бесінші отырысы өтіп жатыр. АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзін оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі кездесу өте маңызды. Себебі жиын кеңестің құрылғанына 30 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Осы уақыт ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) әлемнің ауқымды континентіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін беделді диалог алаңына айналды. Жаһандық турбуленттілік жағдайында көпжақты дипломатияның тиімді институты ретіндегі кеңестің маңызы, өңірдегі және әлемдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту бірнеше есе артып келеді. АӨСШК жастар кеңесі форумға мүше мемлекеттер арасындағы әріптестік пен гуманитарлық байланысты кеңейтуде үлкен рөл атқарады. Кеңес өскелең ұрпақтың әлеуетін ашуға елеулі үлес қоса отырып, жастар ұйымдарының әлеуметтік-экономикалық және мәдени саладағы қызметін үйлестіреді», - делінген ҚР Президентінің үндеуінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесудің күн тәртібінде қоғамды радикалдануға қарсы іс-қимыл, суицид пен есірткіге тәуелділіктің алдын алу сияқты маңызды тақырыптар бар екенін атап өтті.

«Айтулы шара қатысушы елдер жастарының неғұрлым үйлесімді әлем құруға елеулі үлес қосуға ұмтылысы мен дайындығын көрсетеді. АӨСШК жастар кеңесінің отырысы кең Азия кеңістігіндегі тығыз кооперацияға қуатты жасампаз серпін беретініне, ашық және сенімді диалог заманауи сұрақтарға жауап беру үшін жаңа тәсілдер мен шешімдер табуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар