Елордада Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 4-6 қыркүйек күндері елордада Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Әуелде бұл форумға жапониялық, түркиялық Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылған. Өкінішке орай, олар келе алмады. Есесіне Оңтүстік Корея, Катар және Түркия елдерінен 3 номинант келе жатыр. Құрлықта 45 мемлекет бар. Соның 44-інен жазушы шақырғанбыз. Қазір 35 елден 80-ге жуық жазушы келе жатыр. Ұйымдастыру жұмысына мемлекет өзі жәрдем беріп, қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза шараны ұйымдастыруға тікелей атсалысса, Мемлекет басшысы форумның ашылуына қатыспақшы. Осының өзі әдебиетке деген оң көзқарас қалыптасқанын көрсетеді», - деді Ұлықбек Есдәулет.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов аталмыш форумды 3 жылда бір рет өткізу ұсынылатынын айтады.

«Азия қаламгерлеріне осы форумды 3 жыл сайын әртүрлі мемлекетте өткізуді ұсынбақпыз. Сондай-ақ, Азия жазушылары комитетін құрып, штаб пәтерін Нұр-Сұлтан қаласында ашуды жоспарлап отырмыз. Аударма ісіне, соның ішінде қазақ авторларын Азия тілдеріне аудару бойынша да нақты ұсыныстарымыз бар. Форум барысында осы тақырыптарда пікір алмасып, келіссөздер жүргіземіз», - деді министрлік өкілі.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезектің айтуынша, 2 күнге созылатын шара барысында пайдалы дәрістер мен ашық пікірталастар ұйымдастыру жоспарланған.

«Форум жұмысы 3 күнге созылады. Ертең пленарлық отырысы өтеді. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Келесі күні TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылды. Форум шеңберінде жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған», - дейді ол.

ҚР Президенті әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауыман өтетін шара 4-6 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Форумға Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдастықтарының төрағаларынан құралған 90 қонақ келеді деген жоспар бар.




Соңғы жаңалықтар