Елордада Әзербайжан елшісінің қабылдауы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Әзербайжан демократиялық республикасының 101 жылдығына орай арнайы шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзербайжан тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап ел Парламенті мен Үкіметі мемлекеттік шекараны бекітіп, елдің туы мен әнұранын және елтаңбасы жасады. Сол сияқты ана тіліміз мемлекеттік деңгейде бекітілді. Елдің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімде армия құрылып, ұлттық және демократиялық талаптарға сай мемлекеттік органдар пайда болды. Одан кейін шет елдерде елшіліктер ашылып, халықаралық қарым-қатынасты нығайтуға ерекше назар аударылды. Әзербайжан республикасы өзінің алғашқы құрылған күнінен бастап демократия және халықтың теңдігі қағидаттарына негіздеп, елдің барлық азаматтарына бірдей құқық берді», - деді Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов.

Сондай-ақ, елші Қазақстан мен Әзербайжан мемлекетінің арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға да тоқталып өтті.

«Әзербайжан қазақ халқының ғасырлық терең тарихы бар. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастар барынша дамып, бүгінде ол стратегиялық сипатқа ие. Екі ел арасында мәдени, гуманитарлық, экономикалық және саяси ынтымақтастығымыздың әлеуеті өте жоғары және біз оны одан әрі белсенді дамытуға ынталымыз», - деді елші мырза.

Әзербайжан елшісі өз сөзіне дәлел ретінде екі ел арасындағы тауар айналымының 2018 жылы өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, 220,7 млн АҚШ долларын құрағанын жеткізді.

Өз кезегінде еліміздің Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Әзербайжан елшісінің жылы қабылдауына ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынас татулық пен бірлікке негізделгенін айтып өтті.

«Алдымен Әзербайжан республикасын әр ел үшін қымбат байлық болып табылатын тәуелсіздіктің 101 жылдығымен құттықтаймын. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде сіздер әлемдегі демократиялы ел ретінде үлгі бола білдіріңіздер. Бүгінде екі ел арасында бауырластық қарым-қатынастан бөлек, барлық саланы қамтыған әріптестік және стратегиялық терең байланыс орнаған. Әрине осындай іргесі берік қаланған қарым-қатынастың қалыптасуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан республикасының президенті Ильхам Әлиев мырза жүргізген саясаттың орны бөлек. Бұған дәлел ретінде өткен жылғы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы сәтін айтуға болады», - деді министр А. Жұмағалиев.

Айтулы шараға еліміздегі барлық мемлекеттердің елшілері мен елшілік қызметкерлері, сол сияқты түрлі халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар