Елордада айыппұл салынса да айылын жимайтын көңіл көтеру орындары көп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше тәулікте елордадағы коронавирусқа байланысты ахуал біршама нашарлай түскені белгілі. Қазіргі уақытта қаладағы КВИ таралуының репродуктивтілік саны бірден асып жығылды. Бұған елордалықтардың шектеу мен карантин талаптарын дұрыс сақтамауы себеп екендігі айқын. Жалпы, 13 наурыздан бері Нұр-Сұлтанда COVID-19-дың 14 234 жағдайы тіркелді. 9 айдың ішінде ауырған әйелдердің үлесі артып, 53 пайызға жетті. Әлі де коронавирус жұқтырудың ересектердің де, балалардың да арасында тәулік сайын 3-тен 20-ға дейін жағдай тіркеледі. Мұндай жайтта шектеу және карантин шараларын жеңілдету мүмкін еместігі де түсінікті.

Каратинді бұзғандар қанша айыппұл төлейді?

Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақовтың айтуынша, елордада құрамында әкімдіктің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері, полиция қызметкерлері бар 8 мобильді топ коронавирус індетінің өршуі мүмкін деген болжамға байланысты сағат 15.00 мен 21.00 және 22.00 мен таңғы 04.00 аралығында күнделікті рейдке шығып, 30-70 нысанға мониторинг жүргізеді. Шектеу және карантин шараларын бұзу анықталған жағдайда полиция қызметкерлері баянат жазып, бұзушылықты фото және видео тіркеу жүргізеді. Содан кейін материал қарау және әкімшілік шара қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық басқармаларына жіберіліп отырады.

«15 қазандағы мәліметке сәйкес, мобильді топтар 1 973 нысанға мниторинг жүргізіп, нәтижесінде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басқармаларына 1 360 баянат түсті. 634 жеке, лауазымды және заңды тұлға 138 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның кінәсі танылған жағдайда оған айыппұлды қысқарған тәртіппен төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Салынған 634 айыппұлдың 535-і бойынша 114 млн 891 мың теңге төленді. Кәсіпкерлік субъектісінің шағымымен 4 материал қарау үшін әкімшілік сотқа жіберілді», - деді Зекен Ысқақов.

Оның атап өтуінше, жеке, лауазымды және заңды тұлғалардың шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жаза қолданылады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілерінің лауазымды тұлғаларына 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Ықыласова бизнес, сауда орталықтарындағы негізгі шектеу және карантин талаптарын бұзу маска тақпау мен әлеуметтік арақашықтықтың сақталмау болып отырғандығын айтады.

«Талап бұзушылыққа келер болсақ, нысанға кіргенде келушілердің де, сонда жұмыс істейтін қызметкерлердің де дене қызуы өлшенбейді. Әлеуметтік ара қашықтық сақталмайды. Бір адамға 4 шаршы метр жұмыс орны болуы тиістігі туралы талап та орындалмайды. Медициналық маска тағу мәдениеті де төмен. Ғимаратқа кірген адам күзетшінің көзінше маска таққанымен, ғимарат ішінде оны шешіп тастайды. Оған ескерту жасап жатқан ешкім жоқ. Көшеде жүргенде де масканы иегіне түсіріп алып жүргендерді жиі байқайтынымыз жасырын емес. Міне, осындай жайттар қынжылтады», - деді Салтанат Ықыласова.

Айыппұлға қарамастан көңіл көтеру карантин талабын бұзуды жалғастыруда

Коронавирус індетінің өршуіне жол бермеу мақсатында қала бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан кейбір кәсіпкерлік субъектілері айыл жияр емес. Тіпті олардың кейбірі бірнеше мәрте әкімшілік айыппұл салынғанына қарамастан шектеу шараларын бұзуын жалғастырып отыр. Мәселен, Зекен Ысқақовтың дерегінше, Жеке батыр көшесіндегі 49 үйде орналасқан «Текила» барына аудандық полиция басқармасынан 7 баянат түсіп, 4 мәрте әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Ал Сарайшық көшесіндегі 11А мекенжайындағы «Лаваш фуд» үстінен де 5 баянат түсіп, оның екеуі бойынша айыппұл салу туралы ұйғарым шығарылған. Байтұрсынов көшесіндегі «Мята» лаундж бары да 2 рет әкімшілік айыппұл төлесе де карантин талабын бұзуын тыймай отыр. Бейбітшілік көшесі бойындағы «Арбалет» лаундж барына тіпті 11 рет баянат жазылып, 4 рет айыппұл төлеген екен.

«Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті дәрілік заттар мен медициналық маскалардың шекті бағасын асыруға да мониторинг жүргізіп отырады. Осы уақытқа дейін заңсыз фармацевтикалық қызметпен айналысқаны, дәрілік заттарды рецепсіз босатқаны үшін 102 кәсіпкерлік субъектісіне 13 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», - деді ол.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметi басқармасының бастығы Госман Жакин де кейбір ойын-сауық мекемелерінің санитарлық талаптарды жиі бұзатынын айтады. Олардың қатарында «Алания», «Аура» түнгі клубтары, «Мята», «Шишка» лаундж барлары, компьютерлік клубтар бар.

«Карантин режимін сақтау бойынша бірқатар қосымша шектеу енгізілгені белгілі. Сондықтан елорда полициясы санитарлық нормаларды бұзу фактілерін анықтау үшін күн сайын рейдтік шаралар жүргізіп отырады. Ережелерді бұзатын нысандарға, атап айтқанда, ойын-сауық мекемелеріне, дәмханаларға, караоке, бар, сауда орындарына ерекше назар аударылады. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан кейбір ойын-сауық мекемелері санитарлық талаптарды бұзып, тыйым салынған уақытта қызмет көрсетулерін жалғастыруда», - деді Госман Жакин.


Соңғы жаңалықтар