Елордада автобустар күннен-күнге көбейе береді - CTS

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай режимінен кейін елордадағы қоғамдық көлік жұмысы жанданып келеді. City Transportation Systems компаниясының директоры Бекмырза Игенбердинов журналистерге қоғамдық көліктің жұмыс тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қала ішіндегі автобустар әзірге сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін жүреді.

«12 мамырда - алғашқы жұмыс күні 146 907 жолаушы қоғамдық көлікпен жүрді. Оның ішінде 2 787 оқушы, 36 884 жеңілдігі бар азамат бар. 13 мамыр күні жолаушылар ағыны - 205 295 адам болды, оның 3 686 - оқушылар, 48 418 – жеңілдігі бар азаматтар. Карантинге дейін күніне 762 мың адам жүретін. Қазір желіде барлық қалалық бағдарлар бар, қала маңына қатынайтын бағдарлар екінші кезеңде шығады», - дейді Б. Игенбердинов.

Карантинге дейін елордада 872 автобус жұмыс істеген еді. Ал 12 мамырда қоғамдық көлік шыққан күні желіде – 450 автобус жүрді, 13 мамыр күні – 490 болса, 14 мамырда - 530 автобус қатынауда.


Спикердің айтуынша, қазір автобус ішіндегі жолаушылар саны 50%-дан аспауы тиіс.

«Қарбалас уақытта автобус ішінде бұл талаптар орындалмауы мүмкін. Кейбір жолаушылар санитарлық талаптарға қарамастан, адам толы автобусқа мінуге тырысады. Жүргізушілерге де жағдайды қадағалауды тапсырып жатырмыз. Компаниямыздың 250 қызметкері автобустардың толуы мен интервалын қадағалауға шақырылды. Олар аялдамаларда тұрып, бейнекамералар бойынша тексеру жүргізеді. Жалпы алғанда, жұмыс нақты жолға қойылған», - деді Б. Игенбердинов.

Сонымен бірге, CTS басшысы жолаушылардың да әлеуметтік жауапкершілік танытып, санитарлық ережелерді сақтауын сұрады.

«Барлық автобустар әдеттегідей соңғы аялдамаға жеткен сайын дезинфекциядан өтеді. Автобус жүргізушілері де барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Жалпы дезинфекция автобус паркінде жүргізіледі», - деді Бекмырза Игенбердинов.

Еске сала кетсек, барлық тарифтік жоспарлар бұрынғыдай жұмыс істейді. 18 жасқа дейінгі балалар арнайы карта болса, тегін жүре алады. Тегін ауысуға мүмкіндік беретін арнайы тариф те бар.


Соңғы жаңалықтар