Елордада автобус парктерінің 3 лауазымды тұлғасы жазаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Автобус» жедел алдын алу шарасының бір күні ішінде автопарктердің 3 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, автобус жүргізушілерінің көліктік тәртібін қатайту үшін елордада осы жылдың 10-17 қазаны аралығында «Автобус» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Шара аясында патрульдік полицейлер мен көліктік бақылау инспекторларының жедел тобы құрылып, бір күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 100-ден астам заңбұзушылық жасағаны анықталды.

«Атап айтқанда, көлік құралын жүргізіп келе жатып, телефонмен сөйлесудің 24 жағдайы, ауаға ластаушы заттардың мөлшерін арттыра таратудың 11 жағдайы, бұрылыс ережелерін сақтамаудың 15 жағдайы, тыйым салынған көлік құралын пайдаланудың 6 жағдайы тіркелді», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінен.

Сонымен қатар жолаушыларды, багаждар мен жүктерді тасымалдаудың ережелері, еңбек және демалыс режімінің бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ тиісті рұқсатсыз, техникалық тексерусіз құрылғыны қайта жасау жағдайлары кездескен.

«Бұдан бөлек, техникалық ақауы және пайдалану ережелерінің басқа да бұзушылықтары бар көлік құралдарын жолға шығарғаны үшін автобус парктерінің 3 лауазымды қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген мәліметте.

Соңғы жаңалықтар