Елордада автобус ақысын бет-әлпетті тану жүйесімен төлеуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда автобустарында жолаушының бет-жүзін тану арқылы жолақы алу әдісі сынақтан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біз «FacePay» жүйесіне техникалық тексеріс жүргізіп жатырмыз. Бұл жүйе бірнеше секунд ішінде адам бет-әлпетінің биометриялық мәліметтері бойынша жол жүру ақысын төлеуге мүмкіндік береді. Қоғамдық көлікте жол ақысын FacePay арқылы төлеу үшін Тelegram-нан FacePay бот-бағдарламасын тауып, оған ЖСН-ды тіркеп, суретке түсіру керек және банктік картаны тіркеу қажет, - дейді «Астана LRT» ЖШС басқармасының мүшесі, басқарушы директоры Дәурен Нұрғалиев.

Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта 2 қоғамдық көлікке адамның бет-әлпетін тани алатын функциясы бар құрылғы қойылғанын айтты.

«Әзірге бұл жоба тексеруден өте сатысында. Біз қала тұрғындарының пікірлеріне де мән береміз. Келесі жылдан бастап бұл жоба қаланың барлық автобустарында іске қосылады деп ойлаймын», - дейді ол.

Жүйеге басқа автобусқа отыру функциясы қосылады.

«Яғни, екінші автобусқа бір сағат ішінде отырсаңыз, сізден жолақы ұсталмайды. Сонымен қатар, Telegram-ға жолақы төленгені туралы хабарлама келіп тұрады. Ұялы телефоныңыз өшіп қалған жағдайда бақылаушы өз ұялы телефонына жолаушының ЖСН-ін енгізу арқылы жолақысын төлеген-төлемегенін көре алады. Қолданушылардың жеке мәліметтері Астана LRT-да сақталады және басқа еш жерге таралмайды», - дейді «IPay» ЖШС құрылтайшысы Алмас Айменов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алмас Айменов қала автобустарында адамның бет-жүзін тану арқылы жолақы алу жүйесі енгізілетінін айтқан болатын.

Автор: Зарина Қаһарман

Соңғы жаңалықтар