Елордада Авиаторлар аллеясы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының аумағында Авиаторлар аллеясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара әуежайдың 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Яғни, нысанның тарихы 1931 жылдан бері басталады. Бұл жылы қазіргі әуежайдың орнында бірінші әуе алаңы құрылып, 1948 жылдан бастап ауыр ұшақтарды қабылдай алатын әуе байланысы жолға қосылады. 2020 жылдың маусымында Нұр-Сұлтан әуежайы ресми түрде кодын NQZ деп өзгертті. Шараны ұйымдастырушылар 90 жылдыққа арналған ағаш егу шарасы осы атаулы күнмен сәйкес келгенін айтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов авиаторлар аллеясы әуежайдың 90 жылдығына арналғанмен, онда егілетін алғашқы 30 ағаш тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналатынын ескертті.

«Биыл әуежайымызға 90 жыл толып жатса, еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Бүгінгі аллеяның ашылуы – 90 жылдыққа арналған шаралардың біреуі ғана. «Авиаторлар бағында» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап 30 ағаш екпекшіміз», - деген әуежай басшысы пандемия әкелген шектеулердің зардабын қалай еңсергендерін де қысқаша баяндады.

«Былтыр әуежайлар үшін өте қиын жыл болды. Соған қарамастан ұжымды сақтап қалдық. Халықаралық рейстер азайса да, жүк таситын рейстер мен басқа да транзиттік рейстерді көбейттік. Соның арқасында өзіміздің ұжымымызды сақтап қалдық» - деді Ғабит Тәжімұратов.

Елорда депутаттарының атынан сөз алған Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов Назарбаев Халықаралық әуежайы Қазақстанның келбетіне айналған ерекше нысан екеніне тоқталды.

«Кез келген турист пен қонақтың өзі келген ел туралы көзқарасы осы әуежайдан қалыптасады. Сол себепті бүгінгі елорда әуежайы ұжымының жүйелі жұмысының арқасында, солардың талпынысының арқасында, басшылығының ұйымдастыру қабілетінің арқасында елге келген меймандар, Қазақстанның әр түкпірінен ұшып келетін отандастарымыз әрқашан оң бағасын береді деп олаймын. Табысқа жете беріңіздер», - деп құттықтады Ерлан Каналимов,

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын бейнелейтін алғашқы 30 ағаштың әрқайсысы халықаралық әуежаймен қанаттасып жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың атынан егілді. Соның ішінде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің атынан да шырша егіліп, белгі қағылды.


Соңғы жаңалықтар